«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҰКП сауалнамасы: Алдағы үш жылда қазақстандық нарыққа 130 мыңнан астам маман қажет болады

2024 жылғы 24 Қыркүйек
615 просмотров

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының отырысында бизнес-процестерді цифрландыру және еңбек ресурстарына қажеттілікті болжау талқыланды. ЕХӘҚ министрі Светлана Жақыпова мен ҰКП Басқарма төрағасы Райымбек Баталов бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының тиімділігін арттырып қана қоймай, кадрларды даярлауды, оларды жұмысқа орналастыруды және кәсіптік бағдарлауды жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды сөз етті.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековпен кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Жұмысшы мамандықтары жылын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді бастау жайында сөз қозғалды.

Талқыланатын мәселелердің бірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын және ШОБ дамуының негізгі көрсеткіштерін қадағалайтын Интерактивті инвестициялық карта болды. Райымбек Баталов «Атамекен» ҰКП egovbusiness порталы арқылы кәсіпкерлер үшін бизнес-міндеттерді қалыптастыру жөніндегі функцияларды бекіту қажеттігін атап өтті. Бұл өз кезегінде мемлекеттік сервистердің ашықтығын күшейтеді.

Айта кетейік, Ұлттық палата жыл сайын қазақстандық кәсіпорындардың кадрлық қажеттілігін бағалайтын сауалнама жүргізеді. Соңғы сауалнамада білім беру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы жұмысшыларға айтарлықтай сұраныс байқалды. Алдағы жылдары 130 мыңнан астам маман қажет болады, оның жартысына жуығы кәсіптік–техникалық білімі бар мамандар. Ұлттық жүйенің нәтижелерін мемлекеттік органдар жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, қазақстандықтарды еңбек нарығындағы ахуал және сұранысқа ие кәсіптер туралы хабардар ету, сондай-ақ кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланады.

Бұдан бөлек, 2017 жылдан бастап «Атамекен» техникалық және қызмет көрсету бойынша кәсіптік даярлау, біліктілікті арттыру жөнінде оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді. 2023 жылы оқуды 8,4 мың адам аяқтады, оның 7,4 мыңы жұмыспен қамтылды.  2024 жылы  10 мыңға жуық қазақстандықты оқыту жоспарлануда.

Тағы бір маңызды мәселе «Enbek.kz.» платформасы арқылы ТжКБ және ЖОО студенттері үшін кәсіби практиканы ұйымдастыру жөніндегі жобаны іске асыру болды. ҰКП студенттердің тағылымдамадан өтіп, практикалық тәжірибе алуы үшін кәсіпорындарды жоба туралы хабардар етуге жәрдемдеседі.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар еңбек, жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау саласындағы одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаласты. Цифрландыруды, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын, кадрларды қолдайтын кешенді тәсіл Қазақстандағы еңбек нарығының неғұрлым тиімді дамуына ықпал етуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер