«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесмен: Үш айдан соң Naimi.kz кіріс әкеле бастайды

2016 жылғы 20 Шілде
14559 просмотров

«Naimi.kz» ЖШС коммерциялық директоры Мағжан Мәдиев abctv.kz-ке жобадан кіріс түсетін уақыт жеткенін айтты

– Бұл идея сізге қайдан келді? Сол уақытта Қазақстанда осыған ұқсас жобалар болды ма?

– Біздің топта digital-агенттік және клинингтік компания болды. Бизнес қарқынды түрде дами түсті, бірақ біз бұдан да қарқындырақ даму нұсқаларын ойластыра бастадық. Бұдан соң екі компанияның күшін біріктіріп, жекеменшік орындаушыларға арналған платформа жасау идеясы келді. Қазақстанда мұндай идеялардан сапалысы болмады, тіптен шетелде де бұл нарықты диджиталдандыру жаңа құбылыс болды. Naimi.kz 2015 жылдың қаңтарында құрылды. Жоба басталған кезде Naimi.kz сервисінде 3000 маман тіркелді, ал сайт арқылы түсетін тапсырыстар саны күніне 10-нан аспайтын. 2016 жылдың ақпанында қызмет екі қосымша түрінде мобильді құрылғыларда қол жетімді болды. Бірі – тапсырыс берушілерге, екіншісі  - орындаушыларға арналды. Бүгінгі күні Naimi.kz-те 10 мыңнан астам маман тіркелген, ал мобильді қосымша арқылы түсіп жатқан тапсырыстар күніне 200-ден артық. Мобильді қосымша пайдаланушыларының жалпы саны – 42 мыңнан астам адам, ал қызмет іске қосылғалы бері қанағаттандырылған өтінімдер 24 мыңнан асады. Олардың жалпы құны 200 млн теңге.

- Яғни,  Naimi.kz 200 млн теңге табыс тапты ма?

- Олай емес.  Naimi.kz емес, тапсырыстарды біздің қызмет арқылы алатын жекеменшік орындаушылар 200 млн теңге табыс тапты. Олар әрбір тапсырысқа қол жеткізу үшін 50-ден 225 теңгеге дейін төлейді. Төлем жүйесі pay per leads (PPL) деп аталады.

– Жобаға құйылған бастапқы инвестиция сомасы қандай болды? Жобаға қанша инвестор атсалысты, олар кімдер болды – өздеріңіз бе, басқалар ма?  Егер басқа біреу болса онда оларға жобаға атсалысқаны үшін кірістің қандай да бір бөлігін беру туралы келісім болды ма?

– Бастапқы кезеңде біз 70 мың долларға жуық қаражатты  инвестиция ретінде құйдық. Бұдан кейін pre-seed инвестициялар кезеңіне Ordabasy Ventures қоры 185,5 млн теңгеге тең инвестиция құйды.

– Алғашқы кезеңде жоба қаншалықты қарқынды дамыды? Қандай кедергілер ұшырасты?

– Naimi.kz тез қарқын ала бастады, басты мәселе клиенттер тапсырысын жеке орындаушылардан түскен сапалы ұсыныстармен қамту болып отыр. Тапсырыстар саны мамандар санынан асып отыр. Сервиске күн сайын 200 өтінім түссе, олардың 36%-ы назардан тыс қалуда.

– Naimi.kz  кіріс әкеле бастады деп айтуға бола ма? Егер кіріс түсе бастаса, шығынсыз кезеңнен шығып, кіріс әкелетін кезеңге өту үшін қанша уақыт керек болды? Ал егер әлі де кіріс болмаса, онда жобаға әлі қанша уақыт қаржы құю керек болады?

– Naimi.kz операциялық өтелімділікке 3 айдан соң өтеді деп жоспарлап отыр. Бұдан ары кіріс түсе бастайды.

– Қызмет өңірлерде қаншалықты ұсынылған? Клиенттер арасында Алматы немесе Астананың басым түсуі туралы айтуға бола ма? Жобаның болашақта дамуы қандай болады деп күтілуде? Көрші нарықтарға шығу мүмкін бе?

– Қызмет әзірге Астана мен Алматы қалаларында белсенді жұмыс жасауда. Қазақстанның барлық қалаларын тартуды көздеп отырмыз.

– Оның жұмысын жақсартуға келер болсақ, бұл қалай жүзеге асады?

– Қызмет мобильді қосымшалар арқылы жұмыс жасайтын өтінімдерді өңдеу моделі, сонымен бірге жекеменшік орындаушылар қызметтерінің сапасы секілді екі басты нәрсеге байланысты. Екі бағыт бойынша да жұмыс жасалуда.

– Бизнесті сату туралы ұсыныстар түспеді ме? Тиімді ұсыныс түсіп жатса, жобадан кету мүмкіндігіне қалай қарайсыз?

– Жобаға инвестиция салу туралы ұсыныстар жиі түсіп тұрады, бірақ толықтай сатып алу ешкімге қажет емес, себебі бұл жобаны оны құрғандардан асып ешкімге де жүзеге асыра алмайды. Бизнесті сату  жоспарда жоқ. Керісінше, іргелес компанияларды сатып алуды көздеп отырмыз. Алғашқы кезекте көршілес нарықтарды жаулап алсақ дейміз, кейін алыс шетелдерге көшпекпіз.

– Жобаны жақсартуға мүмкіндік беретін қандай да бір қосымша жобаларды сатып алу немесе жасап шығару туралы ойланбадыңыз ба? Аутсорсингке бермей, барлығын өздеріңіз жасауға қанша уақыт немесе ақша жұмсалады?

– Naimi.kz бизнес-моделі бірегей, сондықтан, өкінішке қарай дайын технологиялық шешімдер нарықта жоқ. Бәрін өзімізге жасауға тура келеді. Тиімді менеджмент болса, инхаус жасап шығару аутсорсқа қарағанда тиімдірек. Инхаус жасап шығару кезінде өнім де сапалырақ болады.

– Өзге секторларға деген қызығушылық бар ма? Жалпы, Қазақстанда мобильді қызметтер жасап шығарумен ақша табу қаншалықты қиын? Салықтық жүктеме көлемі қандай және шығындарды барынша азайту мүміндіктері бар ма?

– Біз халықаралық экспансияға қызығып отырмыз, себебі Қазақстан нарығы өте шағын. Осы себептен, біздің елде технологиялық жобалар арқылы пайда табу қиын, себебі нарық технологияларға қыруар инвестиция құюды ақтамайды. Бірақ басқа нарықта ауқымға жұмыс жасауға болады және шығынды аз қажет етеді.

– АҚШ-та өткен жаһандық кәсіпкерлер саммитіне қатысу сіздерге не берді? Алматыдағы «Алатау» ИТП-не көзқарасыңыз қандай? АҚШ және ЕО аумағында инновациялық ғылым бар болғандықтан емес, көптеген жобалар ірі нарықта сұранысқа ие болу себебінен белсенді дамиды деген пікір бар. Мемлекет Қазақстанда Кремний жазығын құру арқылы ғана бұл мәселені шеше ала ма? Кремний жазығына мамандардың, оның ішінде Қазақстан мен Ресейден ағылу себебі неде? Сіздің пікіріңізше, оның ерекшелігі қандай?

– Мен Кремний жазығының стартап-экожүйесін іш жағынан көріп қайттым. АҚШ-тың жетекші ІТ-кәсіпкерлерімен әңгімелесіп, олардың тәжірибесін жинақтап келдім. Ең алдымен, бұл маған жаһандық технологиялардағы трендтер туралы, сонымен бірге стартапшылар жолында кезігетін, барлық жерде бір қиындықтар туралы түсінік қалыптастыруға көмектесті. Кремний жазығындағы кәсіпкерлер біз секілді адамдар, бірақ олардың экожүйесі анағұрлым көп мүмкіндіктер береді. Сәйкесінше, біздің елге де экожүйені дамыту қажет, біз енді осыны қолға алмақпыз.

«Алатау» ИТП ұсынып отырған жағдайлар жаман емес, бірақ бұл жеткіліксіз. Қазақстандағы экожүйенің басты қажеттілігі, ең алдымен кадрлар. Нарықта мықты ІТ-мамандар болу үшін, білім беру саласында қыруар жұмыс атқару қажет. Нарықтың екінші бір проблемасы – тұрғындардың интернет мәдениеті мен инвесторлардың венчурлық мәдениеті. Бұл мәдениет түрлерін біздің елдің адамдарына енгізу үшін көп жұмыс жасау қажет.

Дереккөз abctv.kz

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер