Алматыда болашақ теміржолшылар үшін өңірлік құзыреттілік орталығы ашылды
Алматы қаласының көлік және коммуникациялар колледжінде заманауи оқу құралдарымен жабдықталған өңірлік құзыреттілік орталығы ашылды. Арнайы симуляторлар арқылы колледж оқушылары темір жол салуды, локомотивтер мен темір жол көлігі ағындарын басқаруды үйренеді.
Орталықтың жұмысшы мамандықтар жылы аясында ашылуы кәсіптік оқу орны үшін ерекше оқиға болды. Орталық студенттерге оқу кезеңінде нақты өндірістік ортаға енуге бірегей мүмкіндік береді. Мұнда олар теміржол тасымалы мен техникалық қызмет көрсетудің нақты сценарийлерін жасақтау арқылы жоғары дәлдіктегі жабдықтарында тәжіибелік дағдыларды дамыта алады.
Салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде Алматы қаласы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлібек Оразов қатысты. Өз сөзінде ол жоғары білікті кадрларды, әсіресе техникалық және жұмысшы мамандықтарды даярлау үшін осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
«Палата құрылған күннен бастап дуальды оқыту аясында кәсіби оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарып келеді. Әрбір бастама мен тың идеяларды біз қашанда қолдауға дайынбыз. Бизнес пен кәсіптік оқу орындарының арасында дәнекер бола отырып, еңбек нарығына ең қажетті мамандар тізілімін жасап, күніге жаңартып отырамыз. Бұл білім беру бағдарламаларын бизнес пен еңбек нарығының нақты сұраныстарына барынша бейімдеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Әлібек Оразов.
Құзыреттілік орталығы студенттерді теміржол саласында сұранысқа ие өзекті білімдермен және тәжірибелік дағдылармен қамтамасыз ете отырып, өңірде сапалы кәсіптік білім беруді дамытудағы тағы бір қадам болмақ. Мұнда тек колледж студенттерін ғана емес, сала өкілдерінен мамандардың біліктілігін арттыру және шеберлік сыныптарын да оқыту жоспарлануда. Бұл тәсіл түлектерді көлік инфрақұрылымының заманауи сын-қатерлеріне барынша дайын ете отырып, білім мен өндіріс арасындағы көпірді нығайтуға мүмкіндік береді.
Орталықтың ашылуына оқушылардың өздері де белсенді дайындалып, жарқын концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Ал үздік педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлеріне «Ұстаз» кәсіподағынан, білім басқармасынан, әлеуметтік серіктестер мен «Атамекен» палатасының атынан құрмет қағаздары, алғыс хаттары және төсбелгілері табыс етілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: