«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да кәсіпкерлер мен инвесторларға арналған Ашық есік күні өтті

2024 жылғы 11 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
4453 просмотров

Кездесуге ШҚО прокурорының орынбасары Ерлан Бұланбаев, Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаев, «Kazakh invest» ШҚО бойынша өңірлік директоры Нартай Бейсеков, ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау мәселелері бойынша кәсіпкерлер үнемі жүгінеді.

«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 62 өтініш келіп түсті, оның ішінде жалпы сомасы 133 миллион теңгеден асатын 49 өтініш оңтайлы шешілді. Негізгі проблемалар жер қатынастары, сәулет және құрылыс, салық салу, мемлекеттік сатып алу және басқа да мәселелерге қатысты», - деп атап өтті Қайрат Нұржанұлы.

Сондай-ақ, ол «Атамекен» ҰКП мен ҚР Бас прокуратурасы кәсіпкерлердің мәселелерінің шешімін бірлесіп анықтау жөніндегі өзара іс-қимыл келісімі аясында облыс прокуратурасына кәсіпкерлер палатасы анықтаған өңір бизнесмендерінің жүйелі проблемалары жіберіліп отыратынын атап өтті.

Сонымен қатар, Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, Ұлттық палата мемлекеттік органдармен бірлесіп жобаларды іске асыру, мәселелерді мониторингілеу және оларды уақтылы шешу үшін инвестициялар тарту мақсатында Интерактивті карта әзірледі.

«Аталған іс-шаралар жобаны іске асырудың қай кезеңінде екенін жедел анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Прокуратура органдары бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша ауқымды әрі кешенді жұмыс жүргізуде.

ШҚО прокурорының орынбасары Ерлан Бұланбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері 1500-ге жуық кәсіпкер мен 6 инвестордың құқығы қорғалған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары «Прокурорлық сүзгі» жобасын іске асыруда. Салықтық тексерулер, кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, сотқа талап қою, тыйым салу-шектеу сипатындағы шешімдер қабылдау сияқты жайттардың барлығы прокуратура органдарымен міндетті түрде келісімге келуге жатады», - деп атап өтті Ерлан Маратұлы.

ШҚО прокуратурасында оларды сүйемелдеу үшін инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылды. Көмек көрсету, консультациялар өткізу және инвесторлардың мәселелерін шешуге жәрдемдесу жөніндегі фронт-офис ашылды. Оның құрамына ШҚО кәсіпкерлер палатасының, Kazakh Invest, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері мен құқық қорғау құрылымдары кірді.

Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаев бизнес-қауымдастық пен инвесторларды бар мәселелерді жасырмауға және прокуратура органдарына дереу жүгінуге шақырды.

ШҚО бойынша «Kazakh invest» өңірлік директоры Нартай Бейсеков облыста инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларға қолдау көрсету бойынша штаб құрылғанын жеткізді. Инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталып, жеделдетілген жүйемен инвестициялық жобаларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Kazakh invest жобаны өтінімнен бастап оның аяқталуына дейін жүргізеді.

Кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер өткізіп отыру туындаған мәселелерді дереу шешуге ықпал етеді.

Шара аясында қадағалау органдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде кездесетін бизнестің көптеген проблемалары туралы құлағдар болды. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған қызмет алдағы уақытта да өз жалғасын табады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер