«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің мүддесі мен полицияның қызметі

2023 жылғы 15 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
7798 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен бизнес-омбудсмен өкілімен кездесуде Өскемен қаласының полицейлері қалада алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерінің жолын кесу бойынша жұмыс қалай жүргізіліп жатқаны туралы, «үйдің жанында орналасқан» дүкендерінің иелерімен өзара қарым-қатынас қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы және кәсіпкерлер өз объектілерінде не үшін бейнекамера орнатуы тиіс екені туралы айтып өтті.

 

2023 жылғы 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында (ШҚО КП) ШҚО Ішкі істер басқармасының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері ӨКП директорының орынбасары, бизнес-омбудсменнің өкілі Әлия Мұқашевамен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау желісі бойынша ынтымақтастықты талқылау үшін кездесті.

ШҚО КП-на жақында келіп түскен өтініштер негізінде бизнестің үш проблемалық мәселесі айтылды, ал қадағалау органдары осы мәселеге қатысты нақты түсіндірме беруі тиіс.

Мәселен, сауда саласындағы микробизнес өкілдері 5 қыркүйекте Өскемен қаласының Полиция басқармасынан қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс алғанын хабарлады. Аталмыш құжатта нысанның сыртында және ішінде бейнекамера орнату, күзет дабылы жүйесінің датчиктерін, ұрлықтың алдын алу үшін дабыл батырмасын орнату туралы ұсыныстар бар. Құжатқа мөр қойылмаған және жауап беру мерзімі көрсетілмеген, сондықтан бизнес бұл құжаттың заңды күшіне қатысты күмән білдірді.

Осы құжатқа қол қойған Өскемен қаласының Ішкі істер басқармасы Ертіс полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Болатжан Рахымбаев былай дейді.

«Ұрлау, жымқыру жиі кездесетін болды, сондықтан да біз кәсіпкерлерге осы құжаттарды жібердік. Ұрлыққа жол берілген жағдайда оның себептерін жою үшін автоматты түрде ұсыныс жібереміз. Біз қазір негізінен көшелерде, қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, сондықтан сайттағы барлық нысандарға ұсыныс жібердім, мен нақты бір нысанды көрсеткен жоқпын. Мысалы, менің аумағымда үлкен базар бар, «Әлем» сауда үйі, «Ануара» сауда үйі бар, онда күнделікті ұрлыққа жол беріледі. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және алдын алу», - деді Болатжан Рахымбаев.

Ол электрондық құжаттарда мөр мен қолтаңбаның болуы көзделмегенін, құжаттың шығыс нөмірі бар екенін, ал жауапты бір ай мерзімде тікелей бөлімшеге ұсынуға болатынын, онда ол тіркелетінін және кәсіпкердің данасына белгі қойылатынын нақтылады. Бұл құжат тек ұсыныс сипатында.

«Кәсіпкерлердің 95%-ы өз нысандарында бейнекамера орнатқан. Ал бейнекамера орнатпаған кәсіпкерлерге біз «камера орнат» деп талап қоя алмаймыз, біз тек өз қауіпсіздігіңіз үшін орнатқан жөн болады деп ұсыныс түрінде айта аламыз», - деді Болатжан Рахымбаев.

Сондай-ақ, полицейлерге кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату мәселесіне қатысты сұрақ қойылды.

«Бізге кәсіпкерлерден осындай өтініштер түсті. Бұл дәлелденген факті, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға алкогольді ішімдік сатып алуға көмектескен адам өз қолымен өтініш жазды. Біз мұны іс жүзінде анықтадық, сотқа да қатыстық, кәмелетке толмағандарды алкоголь өнімдерін сатып алуға тартатынын да білеміз. Хаттама жасап, айыппұл саламыз. Кейде кәсіпкерлер сатушылармен келісімшарт жасайды, онда сатушы алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салынған уақытта сатуға немесе оларды кәмелетке толмағандарға сатуға толық жауапты екендігі көрсетілген, бірақ түптеп келгенде кәсіпкер зардап шегеді, себебі мұндай шартқа ешкім қарамайды, кәсіпкерге айыппұл салынады. Сонда дүкен иесі сатушының қызметін бақылап күні-түні сол жерде тұруы керек пе?» - дейді Әлия Мұқашева.

Заң қызметкерлері бүгінде полиция органдарында арандатушылар жоқ екенін, бір-екі жыл бұрын кәмелет жасқа толмаған балаларға алкогольді ішімдік сатып алуға көмектескен полиция қызметкері жұмыстан шығарылғанын айтты. Қазіргі уақытта полицейлер дүкеннен сөмкемен шыққан күдікті адамды тоқтатып, оның сөмкесіне алкогольді ішімдік бар-жоғын тексеру үшін сыртқы тексеру жүргізе алады. Егер ішімдік табылса, онда қай жерде және қай уақытта сатып алғаны анықталады, кассалық чек пен бейнекамералардан мәліметтер алынады. Егер бейнекамералар болмаса, дүкенде бейнетіркеу құралдарын орнату қажеттілігіне қатысты дүкен иесіне ұсыныс енгізіледі. Бұл бағытта күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр, дейді Болатжан Рахымбаев. Өйткені қылмыстардың 99,9%-н азаматтар мас күйінде жасайды және полиция алдын алу шараларын қолдана отырып, жедел жұмыс істеуге міндетті.

«Бізде, өздеріңіз білетіндей, ұрлық, тонау, қарақшылық сияқты ауыр қылмыс түрлері бар. Әлдебіреу ауыр қылмыс жасаған болса, бейнекамера болмаса, әрі қарай біз қалай жұмыс істейміз, кіммен жұмыс істейміз? Азық-түлік дүкендері бойынша бізде мұндай фактілер көп, егер сауда нысанында бейнекамера жоқ болса, біз ештеңе анықтай алмаймыз, дәлелдей де алмаймыз», – деді Болатжан Рахымбаев.

Сонымен қатар, Ертіс полиция бөлімшесінің өкілі кейбір кәсіпкерлік субъектілері бизнесті тексеруге мораторийдің қолданылуын пайдалана отырып, алкоголь өнімдерін лицензиясыз сататынына назар аударды. Тіпті енгізілген нұсқамалардан кейін де, лицензиядан уақытша айырылғаннан кейін де осы сауда нысандарында спирттік ішімдіктер сатыла береді.

Бұған Әлия Мұқашева ШҚО Кәсіпкерлер палатасы тек адал кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтынын, ал мораторий аяқталғаннан кейін жосықсыз кәіпкерлер өзінің заңсыз әрекеті үшін заң бойынша жауап беруі керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Өскеменнің кейбір даңғылдарының бойында орнатылған және бизнес нысандарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін тыйым салатын жол белгілеріне қатысты мәселеге тоқталып өтті. Осы проблема туындаған кезде Палата кейбір тыйым салу бергілеріне қатысты мәселеде ымыраға қол жеткізіп еді. Мәселен, Абай даңғылында «Старт» дүкенінің жанында «Тоқтауға болмайды» деген белгінің жанына сағат 18:00-ден 09:00-ге дейін әрекет ету уақыты көрсетілген қосымша тақта орнатылды. Алайда, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл белгі алынып тасталды, өйткені дүкен иесі осы жерден автотұрақ салмақшы. Және де құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде белгінің қолданылу уақыты көрсетілген тақтайшаны уақытша қайтаруды сұрайды.

Алайда, Өскемен қаласы Полиция басқармасының Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Коваленконың айтуынша, бұл өтінішті орындау мүмкін емес, себебі бұл өзге бизнес субъектілерінің наразылығын тудыруы мүмкін.

«Біз сол белгіні қойған кезде, маған сол дүкенге жақын орналасқан нысанның иесі арыз айта келді, ол: «Бұл жерде ешқашан белгі болған емес, белгіні қою үшін сізге қанша ақша берді? Біз де нысанымыздың жанында көлік қоятын жер болғанын қалаймыз. Кімге және қанша ақша беру керек?» деді. Біз оларға бұл жемқорлық емес, ешқандай пара алған жоқпыз, тек кәсіпкерге көмектесу ниетінде жасалды деп түсіндірумен болдық. Өйткені кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасына жүгінді, біз 1 қыркүйекке дейін осы белгіні қоя тұруға келістік дедік. Сонымен қатар, қазір «Сстарт» дүкенінің иесіне барлық жағынан көмек көрсетіліп жатыр, барлық құжаттар берілді, кеше сол жерде көшпелі жиналыс болды, «Өскемен жылу жүйелері» және біз оған жылу камералары арасында учаске беруге рұқсат та бердік. Құрылыс жұмыстары екі аптада бітуі тиіс», - деді Сергей Коваленко.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы әр түрлі саладағы бизнес субъектілерін шақыра отырып, Ішкі істер басқармасының өкілдерімен жұмыс кездесулерін тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер