«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО Сараптамалық кеңесінде бизнестің құқығын қорғау және жергілікті өндірушілерді қолдау мәселесін талқылады

2023 жылғы 05 Сәуір
- Шығыс Қазақстан облысы
6835 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Сараптамалық кеңесінің отырысында «Таза Өскемен» қалалық коммуналдық кәсіпорнының жұмысы қаралды, кәсіпорын шарттық қатынастарды орындау барысында кәсіпкерлердің құқықтарын жаппай қозғаған. Сондай-ақ прокуратура отандық тауар өндірушілерге өз өнімдерін ішкі нарықта ілгерілетуге жәрдемдесу жолдарын ұсынды.

 

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Алмат Байшолақовтың төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің тоқсан сайынғы отырысы өтті. Отырыста мемлекеттік сатып алуларға қатысатын бизнестің мәселелері және өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының сауда алаңдарына қол жеткізу мәселесінде жергілікті тауар өндірушілерге жәрдемдесу жолдары қаралды.

ШҚО прокуратурасының 3-ші басқармасының бастығы Жандос Қоңыров баяндама жасады. Ол Шығыс Қазақстанның барлық аудандары мен қалаларында орын алатын мәселені ортаға салды, бүгінде облыстың мемлекеттік мекемелері тарапынан мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстарға уақтылы ақы төлемеу мәселесі өткір тұр.

«Бұл саладағы бұзушылықтардың жасырын болуы қиындық тудырады. Кәсіпкер прокуратура органдарына тікелей жүгінген кезде немесе «сенімсіз» мемлекеттік органнан берешек өндіріле бастаған кезде сот талқылауы барысында бұзушылықты анықтау мүмкін болады. Осындай жағдай орын алған кезде ғана алданған жеткізушілердің бар екенін көре аламыз. Кәсіпкерлердің құқықтарын жаппай қозғаған жарқын мысалдардың бірі – «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК-мен жасалған шарттық қатынастар», - деді Жандос Қоңыров.

Осылайша, қадағалау органы кәсіпкер Өскемен қаласының прокуратурасы жанындағы бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топқа жүгінгеннен кейін коммуналдық кәсіпорынның қызметіне талдау жүргізді. Тек 2022 жылы ғана 332 бизнес субъектісі алдында 482 млн теңге мөлшерінде берешек болғаны анықталды. Талдау қорытындысы бойынша прокурорлық ден қоюдың жедел шаралары қабылданды және 2022 жылдың қараша айынан бастап 42 кәсіпкер алдында 42,8 млн теңгені құрайтын қарыз толық өтелді. Жол берілген бұзушылықтар үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке «Таза Өскемен» жетекші экономисі Ж. Шерубаев тартылды. Бірақ оң нәтижеге қарамастан, жағдай толығымен шешіле қойған жоқ.

Кәсіпорын басшысы Асхат Тәженов бұл мәселені бюджет қаражатының жетіспеушілігімен, инфляциямен, шығын материалдарының, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерінің қымбаттауымен, сондай-ақ қардың көп мөлшерде жаууымен түсіндірді. Алайда, кеңес мүшелері мұндай жауапқа қанағаттанбады, өйткені осы мәселе бірнеше жыл бойы қайталанып келеді.

«Сіз сол баяғы жыл сайын қайталанатын себептерді алға тартып отырсыз. Тұтастай алғанда, біздің елдегі жағдайға сәйкес тіпті ірі мегаполистерде коммуналдық кәсіпорындардың қызметінде мұндай проблема туындамайды. Яғни, онда жұмыс уәкілетті органдармен, «Қазгидрометпен» және т.б. өзара қарым-қатынаста бастапқы жоспарлауға негізделген деп ойлаймын. Бірақ біздің өңір үшін қардың көп мөлшерде жауғаны емес, қардың мүлде болмауы таңғаларлық жағдай болатынын ескерсек, қалың қардың түсуіне компания дайын болуы тиіс, яғни мұндай жағдайды алдын ала болжау керек», – деп түсіндірді ШҚО прокуроры Алмат Байшолақов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жандос Қоңыров Сараптамалық кеңес мүшелеріне наурыз айының басында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнеспен жұмыс кездесуі барысында өнімді өндіру және өткізу кезіндегі бизнестің ағымдағы проблемалары белгіленгені туралы хабарлады. Оның ішінде өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының сауда алаңдарына қол жеткізу, сауда алаңдарының реттелмеуі және сатып алуларына бақылаудың болмауы бөлігінде жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселесі көтерілді.

«Мысалы, кәсіпкерлердің ескертулерінен көрініп тұрғандай, тау-кен-металлургия саласының ірі отандық кәсіпорындары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері отандық тауар өндірушілерді өздерінің сауда алаңдарына немесе «Каспий» тауар биржасына сатып алуға жіберуді шектейді. Ол үшін жеткізудің қысқа мерзімдері тәрізді қатаң талаптар қойылады, техникалық ерекшеліктердің ашықтығы байқалады, жеткізілген тауар үшін төлем тауарды қабылдағаннан кейін 60 күннен 90 күнге дейінгі мерзімде жүргізіледі, ал жекелеген жағдайларда тек шетелдік өнім берушілер арасында сатып алу бойынша талаптар қойылады, бұл отандық тауар өндірушілердің қатысуын тікелей болдырмайды», - деп атап өтті Жандос Қоңыров.

Қазіргі уақытта тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың бірыңғай алаңдары жоқ екенін ескере отырып, бұл мәселе орталық органдар деңгейінде пысықталуға тиіс, бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабардар етілді. Сонымен қатар, өңірдің шағын және орта бизнес субъектілері өнеркәсіптік алыптармен өзара қарым-қатынас жасай отырып, осы мәселені бірлесіп шешуге тырысуы қажет.

«Біз жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін мәселеге тұжырымдамалық тұрғыдан қарауды ұсынамыз, атап айтқанда, уәкілетті органдарды, «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастықты тарта отырып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың Жол картасын іске қосу қажет. Өткізуді қолдау мақсатында жергілікті тауар өндірушілер мен көрсетілетін қызметті берушілердің тізілімімен тауарлардың/жұмыстардың/көрсетілетін қызметтердің сипатын және тиісті прайстарды көрсете отырып, платформаны сынақтан өткізуді ұсынамыз. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мұндай жұмысы 2020 жылы басталды – «Shygys Business» платформасы іске қосылды, оны негізге алуға болады», – деп атап өтті Жандос Қоңыров.

Өз кезегінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев ӨКП алаңында 2016 жылдан бастап жергілікті тауар өндірушілердің «Казцинк» ЖШС, «Шығыстүстімет» ЖШС, «Kegoc» АҚ филиалымен кездесулері өткізіліп жатқанын еске салды.

«Жыл басында біз кәсіпорындардың ағымдағы жылға арналған сатып алу жоспарының тұсаукесерін өткіземіз және жыл соңына дейін қорытындылаймыз. «Қазмырышпен» жұмыс жолға қойылды, көлем жыл санап артып келеді. Негізінен, біздің кәсіпорындар офтейк-келісімшарттар жасауға тырысады, яғни олар келісімшарттық қатынастарды бір жылға емес, 3-5 жылға жасайды, нақты сома келісіледі. Сондықтан, орта және шағын бизнес қазірдің өзінде болашаққа жоспар құрып, жаңа құрал- жабдықтар сатып ала алады, өйткені ол қандай инвестиция салу керектігін білдіреді. Егер біз жол картасы аясында алпауыт кәсіпорындарды тарту бойынша жұмысты бірге бастасақ, үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - деді Қайрат Мамырбаев.

Құрметті Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері! Мемлекеттік орган өкілдері тарапынан Сіздің құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңіз бұзылған жағдайда ШҚО прокуратурасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа 8 (7232) 60-99-88 телефоны бойынша немесе ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөліміне 8 (7232) 742-103 телефоны бойынша не ШҚО бизнес-омбудсменінің өкіліне хабарласа аласыз, тел. 8-705-521-66-62.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер