«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова мониторинг топтардың жұмысын сынға алды

2021 жылғы 26 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
9356 просмотров

Бұл туралы депутат Шығыс Қазақстан облысына барған жұмыс сапарында айтты. ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбековпен бірге Ирина Унжанова «AVA» мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігіне барып, ӨКП алаңында бизнес-қауымдастықпен кездесті. Кәсіпкерлердің айтқан сұрақтары мен ұсыныстарын депутат одан әрі пысықтау үшін бақылауға алды.

«AVA» мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Вадим Аханов осыған дейін депутат Ирина Унжаковаға мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мүгедек арбасы және басқа да механизмдер мен оңалту құралдарын дайындау, жөндеу үшін өндірістік учаскені ашуға қолдау көрсетуге қатысты сауал жолдаған. Вадим Алексеев жетекшілігіндегі қоғамдық бірлестіктің басқа проблемалары да бар – жеке көлік құралы және ауылдық жерден мүгедек арбаларын жеткізу шығындарына қаражат жоқ. Мемлекеттік орган мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіпкерлерге «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламалары бойынша мемлекеттік грант алудың мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Олар кәсіпкердің жобасын жүзеге асыруда көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Ирина Унжакова әлеуметтік кәсіпкерлікті ілгерілету бойынша бірқатар ұсыныс беріп, Вадим Ахановтың мәселелерін шешуді бақылауға алды.

Дәл сол күні Мәжіліс депутаты ШҚО кәсіпкерлер палатасы алаңында Елена Березинская-Әбілованың төрағалығымен «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер Өңірлік кеңесінің өкілдерімен кездесті. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Ирина Унжакова заң жобаларын әзірлеу қалай жүзеге асырылады және депутаттар оларды өзгерту бойынша ұсыныстарын қалай енгізетіні жайында ақпарат берді. Спикер әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбына ерекше тоқталды.

 «Осы сала кәсіпкерлік қызметтің бір түрі ретінде дамуы үшін оны заңнама тұрғысынан реттеп, қағидаларды бекіту керек. Жақында үлкен жұмыс жүргіздік, күрделі мәселе. Жұмыс тобы қызу талқыға салды, нәтижесінде әлеуметтік кәсіпкерлікке анықтама берілді. Кәсіпкерлік кодексінде арнайы баптар пайда болды. Мемлекеттің әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жеңілдікті шарттармен үй-жайлар беру, салық салудың ерекше форматы, жеңілдікті кредит беру сияқты жеңілдіктер жасауына біраз тер төгілді».

Депутат Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер регистрі құрылатынын хабарлады, оған осы бағытта жұмыс істейтін барша азамат кіруі тиіс. Уақыт өте келе әлеуметтік бағдарланған бизнесті ұйымдастыру механизмдерін нақтылайтын нормативтік-құқықтық база әзірленеді.

Сондай-ақ, Ирина Унжакова азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы және қоғамдық кеңестердің рөлі тақырыбына тоқталды. Бұл институттардың қазіргі тиімділігі болмашы. Бұл факт қоғамның жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы өте төмен екенін көрсетеді.

 «Қоғамдық мониторинг және бақылау болмаса, әрине, ілгерілемейміз. Екінші жағынан бізге кәсіпкерлерден пандемия уақытына құрылған мониторинг топтарына қатысты шағым көп түсіп жатыр. Бұл адамдарды алып тастаңыздаршы – олар кімдер өзі. Бизнес нысанына басып кіріп, сонда билік құрып, нысанды жабады, тағысын тағы... Иә, сіздер жақсы болсын деп, кәсіпкерлер нақты талаптарды орындасын деп тырыстыңыздар. Бірақ енді осының бәрі кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салды. Сондықтан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында біз заңнаманы пысықтаймыз. Бұл заң осы салалардың бәрін, атап айтқанда, қоғамдық бақылауға қатысты бағытты реттейді», – деді депутат Ирина Унжакова.

 Депутат Кәсіпкерлік кодексте кәсіпорынға бармай, профилактикалық бақылау түсінігі барын еске салды. Сондықтан қоғамдық бақылау осы функцияны қайталамауы тиіс, оған берілген құзіретті өзінің пайдасы үшін емес, қоғам мүддесіне жұмсауы қажет.

Ирина Унжакова кәсіпкерлерді депутаттарға өтініштерін parlam.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы жолдауға шақырды. Тағы бір тиімді жол – сәйкес жұмыс тобы құрамына кіріп, әрқашан бәрінен хабардар болып, мәселелерді талқылау, қызмет бағыттары бойынша нақты ұсыныстар енгізуге болады.

Кездесуге қатысушылар депутаттарға өз бизнес-жобаларын таныстырып, салаларындағы өзекті мәселелерді жеткізді.

 ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева жиында несие серіктестіктеріне қатысушыларының проблемасын еске салды. Олар «Ертіс» ӘКК -де несие төлеуге қатысты жағдайдың құрбанына айналды: кейде бір ғана жосықсыз қарыз алушы үшін онымен бірге ортақ жауапкершілік туралы бірлескен келісімге қол қойған, бірақ өз міндеттемелерін бұлжытпай орындап жүрген оншақты қарыз алушы зардап шегеді.

Жарма аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Кесікбай» шаруа қожалығының басшысы Лазира Сәдуақасова ауылда әйел кәсіпкерлігінің мәселесі туралы айтты. Атап айтқанда, мәселе тері экспортына тыйым салуға байланысты, осылайша бұл бағыттың дамуы екіталай. Өйткені ШҚО-да тері өткізу нарығы кенжелеп тұр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары жылжымайтын мүлікті коммерциялық тіркеу мәселесіне тап болған, себебі әр рұқсат қағазды алу үшін қалаға қатынау қажет.

«Звездный» мәнерлеп сырғанау клубының жетекшісі Екатерина Пригода жаппай спортпен шұғылдану үшін облыста спорт және мұз айдыны кешендерін салу үшін жерді жалға алу мүмкін емес екенін айтты. Әлеуметтік жоба бірнеше жыл бойы іске асырылмай жатыр, кәсіпкер түрлі инстанцияның табалдырығын тоздырған, нәтиже жоқ. Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігінің өкілдері бұл мәселені назарға алып, кәсіпкер әйелге бұқаралық спортты дамыту бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер алуға көмектесуге уәде берді.

 Жеке кәсіпкер Наталья Саратова ұлттық-патриоттық мазмұндағы экологиялық таза ойыншықтар шығарады. Алайда кәсіпкер дайын өнімді сата алмай отыр, себебі қазір балабақшаларға бөлінген бюджет қаражаты мемлекеттік органдарға ойыншықтарды қажетті көлемде сатып алуға мүмкіндік бермейді.

Депутат Унжакова бизнес көтерген осы және басқа мәселелерді Мәжіліске сәйкес заң жобаларының келіп түсуіне қарай, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің тікелей атсалысуымен пысықтауға ниетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер