«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыста кәсіпкерлер АӨК саласындағы өзекті проблемаларды көтерді

2021 жылғы 02 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
6004 просмотров

29 шілдеде ШҚО Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы АӨК комитеті, облыстың шаруа қожалықтары, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы, Өскемен қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.  Кездесуде Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласының ең өзекті мәселелері талқыланды.

 Жиынға ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Ертай Қуанбаев қатысты. ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Жақыпбаев модератор болды. «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле және «СВиК» ЖШС директоры, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Сергей Фаизов спикер ретінде шақырылды.

Анна Аберле өңірде сүт өндірісі көлемінің төмендеп кеткенін, сүт саласын мемлекеттік субсидиялау көлемі жеткіліксіз екенін айтты. Ал  Сергей Фаизов Шығыс Қазақстан облысында жайылым жерлердің жетіспеуін айтып, ауылдық жерлерде білікті мамандардың болмауына қатысты проблеманы көтерді.

Талқылау қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар көтерілген мәселелерді шешудің белгіленген жолдарынан қалыптасқан жақын болашаққа арналған белгілі бір стратегияны әзірлеу үшін өңірдегі АӨК проблемаларының жалпы пулын қалыптастыруға шешім қабылдады. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері де бар:

  • Сүт өндірісі көлеменің төмендеуі салдарынан осы өнімге баға күрт өсуде.
  • АӨК нарығына қатысушылар мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамтылмаған.
  • АӨК қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламалары бойынша субсидиялау көлемінің жеткіліксіздігі, бюджетті жоспарлау қажеттілігі.
  • АӨК-ті мемлекеттік қолдау жайында ақпараттың аздығы.
  • Қолдау шараларының қол жетімсіздігі, атап айтқанда ауылдағы кепілге қоятын мүлік жоқ.
  • Мемлекеттік субсидиялардың тиімділігі және олардың мақсатты пайдаланылуы.
  • Жайылым жерлердің жетіспеуі, жем-шөп сатып алуға субсидиялар мен жеңілдікті несиелеудің болмауы.
  •  Облыстың кейбір аудандарында ветеринарлық қызметтердің жеткіліксіз жабдықталуы, соның салдарынан қолайсыз эпизоотиялық жағдай орын алады.
  • ШҚО-да асылдандыру жұмыстары жүргізілмейді.
  • 2022 жылға АӨК-ті қолдаудың жаңа бағдарламасы өңірлік ерекшеліктерді ескермей әзірленуде.
  • Ауылдық жерде білікті мамандардың болмауы.
  • Ауылдық жерден халықтың көшуі.
  • ӘКК туралы заң қолдануға мүмкін емес преференцияларды ұсынады.

 Мәселелердің ішінен кездесуге қатысушылар ең өзектілерін анықтады. Пікір алмасып, тиісті ұсыныстар әзірленді, олар "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды.

 «Кәсіпкерлер ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, төрт түлікті азықпен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге бөлу мәселесін шешуге бастама көтермек. Сондай-ақ, жем-шөп дайындау мәселелерін жедел шешу жөніндегі өңірлік штабтар бір апта мерзімде ШҚО-да шабындық жерлердің болуына және жем-шөп дайындау көлеміне талдау жүргізеді, сондай-ақ, жем-шөп қорларымен қанықтыру анықталған жағдайда, облыс бойынша азық тапшылығын төмендету мақсатында бұл туралы облыстық штабты хабардар етеді», – деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

 Палата директорының айтуынша, жер мәселесінде кәсіпкерлер шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру байқауына шығарылатын жер учаскелерін беру қағидаларына өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауға ниетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер