«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Меморандум тиімділігі: көлік прокурорлары кірме жолдарды пайдалану тарифін төмендетті

2021 жылғы 15 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6265 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы арасында жыл басында жасалған меморандум аясында бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр. Ынтымақтастықтың тиімділігі өзекті ақпаратпен өзара алмасу, қадағалау органының кәсіпкерлерден келіп түсетін сигналдарға дереу әрекет етумен қамтамасыз етілген.

 Биыл көлік прокуратурасы кәсіпкерлердің жүктерді теміржолмен тасымалдау кезінде кірме жолдарды пайдаланғаны үшін тарифтерді негізсіз көтеру фактілерін анықтады.

 «Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес бәсекелес кірме жол болмаған кезде оны ұсыну бойынша қызметтер көрсететін жолдың меншік иесі уәкілетті органға табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік регистрге енгізу туралы өтініш беруге міндетті. Осы регистрге енгізілмеген тұлғалардың осы қызметтерді көрсетуіне жол берілмейді.

 Алайда, елордалық ЖШС-ның бірі теміржол кірме жолдар иесі ретінде мемлекеттік регистірге тіркелмеген және контрагенттерден уәкілетті органмен келісілмеген тарифтер бойынша өз жолдарымен жүргені үшін ақы алатын. Прокуратураның қабылдаған шаралары арқылы осы ұйым табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік регистріне енгізілді.

Сонымен қатар көлік прокуратурасының араласуымен ШҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитет департаменті теміржол кірме жолдың жергілікті иесінің тарифын 16,3 пайызға төмендетті.  

 Осылай көлік прокуратурасы 18 кәсіпкерлік субъектінің құқығын қорғады. Олар екі жыл бойы теміржол кірме жолдарын жоғары тарифтер бойынша пайдаланған.  

 Көліктегі бизнес субъектілерінің құқықтары бұзылған жағдайда Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасына хабарлауды сұраймыз, мекенжайы:  Өскемен қаласы, Уәлиев көшесі, 4, тел: 8 (7232) 614-069.  Сондай-ақ, кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, 12-кабинет мекенжайы бойынша ШҚО Кәсіпкерлер палатасына өтініш жасауға құқылы, тел: 8 (7232) 742-104.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер