«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыстағы кәсіпорындар мен колледжер студенттерді бірлесіп оқытады

2018 жылғы 23 Сәуір
- Шығыс Қазақстан облысы
5791 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында біліктілігі жоғары маман дайындау және арнайы орта білім беру мекемесінің түлектерін жұмыспен қамту қолға алынды

Тәжірибелі аспаз әрі технолог, Глубокое аграрлық колледжінің оқытушысы Сандуғаш Бикенова «Регистан» мейрамханасында бір апта жұмыс істеді. Оның айтуынша, мұндай тағылымнама білім арттырудың жаңа тәсілі, оқу барысында жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.

«Бізде тамақтандыру мекемесі емес, шаруа қожалығына бағытталған. Бірақ аспаздарды да дайындаймыз. Алайда қолданатын бағдарлама ескі, ауыстыру қажет. Көп жаңа дүниені үйрендім. Жаңа жабдықты көрдім. Еуропа асханасының дайындау тәсілімен таныстым. Біздің студенттеріміз сол деңгейге шыққанын қалаймын. Тәжірибе керек», – дейді Сандуғаш Бикенова.

Кәсіпорын алдағы уақытта студенттерді тәжірибеден өткізуге дайын. Жергілікті мейрамхана бизнесі өкілдерінің айтуынша, жаңа кафе, мейрамханалар ашылып жатыр, талғам да, мәзір де өзгереді, қызметкерге қойылатын талап та күшейеді. Аспаздар әмбебап, даяшылар жоғары деңгейлі болуы шарт.

«Мұндай тәжірибе алғаш рет өткізіліп отыр. Студенттерді де күтеміз. Оқу процесі мен жұмысқа орналасуды байланыстыра алады. Тәжірибеден соң түлектерді өзімізге қабылдауға дайынбыз», – дейді «Регистан» мейрамхана желісінің басшысы Рустам Адамов.

Жыл басынан бері Өскемендегі колледже сабақ беретін 100 оқытушы 22 кәсіпорында тағылымнамадан өтті. Оның ішінде 62 педагог дуальді білім берудің жол картасы бойынша біліктілігін арттырды, 44-і тәжірибеден өтті.

«Бүгінде кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде негізінен база ескірген, ал кәсіпорындарға біліктілігі жоғары мамандар керек. Жұмыс беруші болашақта студенттерді қоғамдық тамақтандыру саласын тарту мақсатында байланыс орнатуды мақсат тұтып отыр. Студенттер тәжірибе барысында мейрамханада қандай жабдық қойылғанын біліп барады», – дейді Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің 1-санатты сарапшысы Диляра Қалиева.

Облыстағы мейрамханаларға мамандар жетіспейді, біліктілігі жоғары аспаздар керек. Мейрамхана басшылары кәсіби мамандарға жоғары жалақы төлеуге, жатын орын беруге дайын. Себебі бизнес дәл осы маманға тікелей байланысты. Облыс орталығында мейрамхана иелері емтихан комиссияларына қатысып, түлектермен жақын танысып, жұмысқа шақыруды қолға алған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер