«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жастар жеке бизнесін ашуға ынталы

2016 жылғы 21 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
8769 просмотров

Колледж студенттері қазылар алқасына өздерінің бизнес-жоспарларын ұсынды

«Мен төл туындымды жасағым келеді», «Армандарым мен идеяларымды жүзеге асырамын», «Дербес болғым келеді» – бұл Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжде өткен Идеялар жәрмеңкесіне қатысқан студенттердің ішкі дауыс «жаңғырығы».

Бұл күні түрлі мамандықтағы студенттер тобы өздерінің әлеуетті бизнес-жоспарларын қорғады. Олар бұл іске үлкен ықыласпен қатысып, сертификаттар алды. Бұл сертификаттар гранттық байқауға қатысуға құқық береді. Идеялар жәрмеңкесі алдында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастаушы бизнесмен» деп аталатын екі апталық арнайы курс өтті. Қатысушылар онда Қазақстан бизнес-ортасының мүмкіндіктерімен және ерекшеліктерімен таныса алды.

Қабылдау комиссиясының құрамына ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мамандары, «Өскемен әйелдері» қауымдастығының өкілдері және ШҚО КП Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, өңірдің табысты бизнес-ханымдары, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, екінші деңгейдегі банк қызметкерлері кірді.

Қазіргі жастардың болашақта кәсіби білім алуға, кәсіби машықтануға ұмтылатыны көңіл қуантады. Ал олардың кәсіпкерлік қызметті меңгеруге деген ұмтылысы тіптен таңдандырады.

«Олар жай ғана «сатып алу-сатуды» көздемейді. Олар үшін жасампаздық процесі қызықты болып отыр, – деді қабылдау комиссиясының мүшесі, «Өскемен әйелдері» қауымдастығының директоры, ШҚО КП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Кристина Кузнецова. – Жастар тауар немесе қызмет жасағылары келеді. Бұл өзекті, болашағы бар және құрметке лайық талпыныс».

Идеялар жәрмеңкесінде нарықтың түрлі сегментіне арналған төрт бизнес-жоба ұсынылды.

Қабылдау комиссиясына Зайсан қаласынан келген болашақ автомеханик Алмас Арғынбековтың «Техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметін ұйымдастыру» атты жобасының болашағы жарқын көрінді. Аталған жобаның артықшылығы – ол іске қосылып қойған. Команда жасақталып, өндіріс алаңдары сатып алынып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілген және бәсекелестердің әлсіз және мықты жақтарының мониторингі жасалған. Әрине, мұның барлығы тәжірибелі тәлімгерлердің тарапынан көрсетілген көмек арқылы жүзеге асырылған. Алайда жобаның экономикалық негізін өзінің пікірлестерімен бірге Алмастың өзі дайындаған. Жоба авторлары салықтың кейбір түрлері, сонымен бірге бизнестің маусымдылық сипаты жайлы ұмытып кеткен, бірақ  олардың стратегиялық жоспары алдағы 10 жылға жасалып қойған.

Келесі жобаның авторы Ерасыл Жеңісов өзінің бизнес-идеясын «Денсаулық және демалыс» сегментіне бағыттапты. Өскемендік басылым беттерінде моншалар мен сауна қызметтерінен көз сүрінсе де, болашақ кәсіпкер істі құлшыныспен қолына алған. Ол элиталық қызметтерге, сонымен қатар өзінің сауықтыру кешенінің қала сыртында – экологиялық таза аймақта орналасқанына ден қойған. Есептерден сәл жаңылысқанмен, оның жасаған әдемі слайдтары мен өз мақсатына деген сенімділігі комиссияның назарын өзіне аударды.

Идеялар жәрмеңкесіндегі Ақерке Қамбарованың «Ерекше  десерттер өндіруге арналған шағын кондитерлік цех» атты жобасы өзіндік креативтілігімен көзге түсті. Болашақ бизнес-ханым барлық экономикалық есептерді дұрыс жасаған, алайда өткізу нарығы мен өз өнімінің ассортиментін дұрыс ойластырмай, нақты мүмкіндіктерін құр жіберіп алған.

«Үйлену тойы салтанатын ұйымдастыру бойынша кешенді қызметтер» деп аталатын бизнес-жоба Аяулым Жеркембаева, Ирина Белова және Олжар Ақылбаев секілді жастарға тиесілі болды. Аталған қызмет түрі үйлену тойының салтанатын ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл киім, аяқ киім, аксессуарлар, шаш үлгісі, бетті әрлеу және көліктік қызметтер, шараны безендіру және жүргізу. Алайда студенттер өз жобаларында мата жеткізушілер немесе дайын өнімдер туралы айтпаған, олардың бағасын көрсетпеген. Жалпы алғанда, бизнес-жоспардың шығын бөлігінде қабылдау комиссияның мүшелері кейбір мәселелерді көре алмады. Алайда бұл маңызды емес.

Аталған шараның негізгі мақсаты – жастардың бизнес-ортаға тартылуын қамтамасыз ету. Сондықтан мамандардың жастарға айтқан ескертпелері бизнес-жобаларды бөліп-жаруға емес, оларды болашақта жүзеге асыруға бағытталды.

«Қазіргі жастар ертеңгі күнге сеніммен қарайды, олар білімнің, машықтың, тәжірибенің жоқтығына мазасызданбайды, – дейді Идеялар жәрмеңкесі қабылдау комиссиясының мүшесі Кристина Кузнецова. – Олар осының барлығын бизнес-кеңістікте жүріп игеруге дайын. Біздің мақсат – олардың бастамасына көмектесу. Білім беру мен тәжірибе беру құралдары «Өскемен әйелдері» қауымдастығында және ШҚО КП Іскер әйелдер кеңесінде де жеткілікті. Оның ішінде кеңес беру, қашықтықтан оқыту, тренингтер өткізу, семинарлар, шеберлік-сыныптар өткізу де бар. Бүгін біз жастарымыздың дамуға деген ұмтылысын көрдік. Бұл өте маңызды. Базар саудасы кезеңі өтіп барады. Өскелең ұрпақ міндеті – өзінің жеке брендін қалыптастырып, сапалы тауарлар мен қызметтер өндіру».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер