«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алмақтың да салмағы бар...

2016 жылғы 21 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
12510 просмотров

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алған Шығыс Қазақстандағы несиелік серіктестіктердің «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы алдындағы мерзімі өтіп кеткен қарызы 2 млрд 800 млн теңгеден асты

Бағдарлама бойынша бөлінген жалпы сома 13 млрд теңге болған. Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Оксана Желякова айтты.

– Оксана Анатолийқызы, қарызға алған қаражатты қайтармаудың басты себебі неде?

– Оның себебі өнімдерді тиімді бағада өткізбеу, негізгі қарызды төлеу мерзімінің  қысқа болуы, сондай-ақ мал өсіруге 18 айға дейінгі сыйақы, ал ірі қара малды өсіріп, сатуға 2-3 жыл қажет. Қордаланған проблемалар көп, өйткені «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарызданушылар ШҚО-ның барлық 19 қаласы мен аудандарында бар.

– Мәселені қандай да бір жолмен шеше алдыңыздар ма?

– Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселемен барынша айналысып жатыр. Біз бизнес-омбудсменнің аппаратына, Кәсіпкерлер палатасының аппаратына, ҚР Мәжіліс депутаты Ирина Унжаковаға хат жазғанбыз.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Банктер және банк қызметі туралы» Заңының 34-бабы 7-1-тармақшасының күшіне енуінің арқасында қарызды өтеу мерзімі қайта қаралды – бірінші кезекте қарыз алушылар негізгі қарызды төлейді, содан кейін ғана пайыздарды, сондай-ақ бар болса, айыппұлдар мен өсімақыларды өтейді. Егер өтеу мерзімі 180 күнтізбелік күннен асып кетсе, қарызды өтеу кезегі ауысады. Айтпақшы, заңның бұл тармағы ол қолданысқа енбей тұрып пайда болған құқықтық қатынастарды да реттейді. Қазір көп жағдайда «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарыз алушылармен шарттарды қайта жасаған. Сонымен қатар, бізде бар ақпарат бойынша, ҚР Үкіметінде Қаулы жобасы әзірленген, онда ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесті ұйымдастыруға немесе кеңейтуге микронесиелендіру мерзімін 7 жылға дейін арттыру қарастырылған, ал жеңілдік мерзімі 28 ай. Қазіргі таңда жоба мақұлдау үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жіберілген.

– ШҚО бірқатар аудандары мен қалаларында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылар мынандай жағдайға тап болып отыр, яғни олардың несиелік серіктестеріне қайтыс болып кеткен жандар, төлемге қабілетсіздер кірген. Тиісінше, ортақ жауапкершілік аясында төлемге қабілетті қарыз алушылар өздерінің қарыздарымен қоса, бөтен біреулердің қарыздарын да өтеуге тиіс. Әрі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы түсірген шағымның арқасында заңды күшіне енген сот шешімі де бар. Бұл әділдікке жата ма?

– Қайтыс болып кеткен қарызданушылар мен несиелендіру кезіндегі алаяқтыққа келер болсақ, бұл мәселемен бізде құқық қорғау органдары айналысуда. Бірақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы несиелік серіктестіктер арқылы қарыз алуды қарастыратынын анық түсінуіміз керек. Ал ҚР «Банктер және банк қызметі туралы» заңы бойынша несиелік серіктестіктерге ортақ жауапкершілік жүктеледі. Оған қоса, несиелік серіктестіктер арқылы соңғы қарыз алушылар «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен шартқа қол қойған, онда да ортақ жауапкершілік қарастырылған. Адам несие алып, шартқа қол қойған кезде, оны алдымен мұқият оқып алуы қажет. Ал, жалпы алғанда, «Жұмыспен қату жол картасы-2020» бағдарламасы жаман емес, ол жеке бизнесті құруға немесе дамытуға 5 жылға дейін жылына 6%-дық мөлшерлемемен, кепілсіз 3 млн теңгеге дейін несие береді, оның үстіне жарты жылға созылатын жеңілдік кезеңі бар.

– Зыряновскіде мынандай жағдайлар орын алыпты: аудан тұрғындарының айтуынша, олар несие алуға мұқтаж болмаған, қаржыны «әкімдіктегілер есеп беру үшін сұраған соң» алған. Несие алғанға дейін олардың бизнестері жақсы жүріп жатқан көрінеді, ал қазір «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының талап арыздары бойынша сотта жеңіліп қалғандықтан, олардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктері, кәсіпорындары бұғауланған...

– Әрине, несиелік серіктестік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қаржыны қайтармаса, сотта жеңіліп, қарызды бәрібір төлеуге тура келеді. Ал, сіз айтып отырғандай, несие қажет болмаған кәсіпкерлерге келер болсақ, олардың сот талқылауы басталғанға дейін мүмкіндіктері болды. Несиелік серіктестікке шоттар жібере бастағанда, оның кез келген мүшесі несиелік серіктестік басшысына тиісінше хат жазып, өзінің үлесін қайтарып, одан ерікті түрде шығып кете алушы еді. Несиелік серіктестік дегеніміз – ерікті іс. Ал соттардың шешімдері заңды күшіне енген тұста, жағдайды қандай да бір жолмен түзету өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес. Бізде қалай болды: бағдарламаға қатысушылардың кейбірі сот болып кеткен соң, Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келе бастады.

Проблемалар көбейіп кетпес үшін, бағдарламаның үйлестірушілері (жұмыспен қамту органдары, жергілікті атқарушы органдар) қарыз алушы қаржыны иеленген сәттен бастап-ақ қаражатты мақсатты пайдалану, өнімдерді өткізу мүмкіншіліктері бойынша туындаған мәселелерге әрдайым мониторинг жүргізіп тұрулары қажет деп есептейміз. Біз болашақ қарыз алушыларға бизнесті жүргізу негіздерін оқыту үшін ортақ жұмыс атқаруға, барлық әлеуетті кәсіпкерлерге, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушыларға кеңес беруге дайынбыз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер