«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Құс етін өңдеудің құпиясы

2016 жылғы 20 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
12539 просмотров

Агробіліктілік орталығының сарапшылары шығысқазақстандық кәсіпкерлерге ет және ет өнімдерін өңдеудің жаңа технологиялары туралы баяндап берді

«Құс етін терең өңдеу технологиясындағы шағын кәсіпорынның орны» атты тақырып ет өңдеуді бизнеске айналдырғысы келетін ШҚО кәсіпкерлері үшін арнайы таңдап алынды.

Жергілікті компаниялардың басшыларымен келіссөздер нәтижесінде, «Aitas» компаниялар тобы таңдалды. Алайда осы өңірден дәріскер табу қажет болды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетімен ынтымақтасудың арқасында орталық тәжірибесі мол маман тапты. Элеонора Оқысханова «Азық-түлік өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы» кафедрасының оқытушысы. Ол бүгінде емдік және функционалдық мақсаттағы ет өнімдерін әзірлейді. Сондықтан семинарға қатысушылар құс етін өңдеу мен оның даму келешегі туралы мол ақпаратқа қанық болды.

Семинарда құс сою және өңдеу технологиясы, оның ерекшеліктері, сонымен қатар құс сою кезінде ветеринариялық-санитариялық бақылау талаптарын сақтау және сойылған өнімді сараптамадан өткізу қажеттілігі туралы айтылды. Сондай-ақ дәріскерлер, өндірісті ұйымдастыру, сойылған етті сұрыптау, өңдеу тәсілдері, құс етінен жартылай фабрикаттар өндіру, етті консервілеу, қаптау және сақтау талаптары, жеткізу туралы ақпараттармен бөлісті.

Тыңдаушыларға агроөнеркәсіп кешені субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мен «Даму» институттары арқылы ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын лизингтен өткізу және несиелеу туралы айтылды.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер кооперациясының артықшылықтары туралы мәселе бөлек қозғалды.

Семинардың тәжірибелік бөлігінде қатысушыларға құс сою және оны өңдеу технологиясымен танысуға мүмкіндік берілді. Семинар заманауи нарықтың барлық талаптарына сай келетін «Айтас КК» ЖШС базасында өтті.

«Айтас МП» ЖШС өз жұмысын 2013 жылы бастаған. Ол «Айтас-Group» ЖШС компанияларының бірі. «Айтас-Group» ЖШС құрамына «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Aitas meat distribution» ЖШС, «Защита УБА» ЖШС, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС, «Макинск жем фабрикасы» ЖШС,  «Айтас-Энерго» ЖШС, «Живая земля» корпоративтік экологиялық қоры, «Сарыарқа» құрылыс корпорациясы» ЖШС кіреді. Естеріңізге сала кетсек, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ басшылығы ҚР Үкіметімен сұхбат орнатуда «Атамекен» ҚР ҰКП жұмысына көмек көрсететін салалық сарапшылардың және негізгі серіктестерінің бірі болып табылады.

«Айтас МП» ЖШС ет өңдеу және ет өнімдерін өндіруде барлық инновациялық технологиялар мен жабдықтарды қолдана отырып жұмыс істейді. Кәсіпорын өнімі заманауи неміс, поляк және ресейлік жабдықтарда дайындалады. Сондай-ақ барлық технологиялық кешен, су мен ауа тазарту жүйесіне дейін, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келеді. Кәсіпорын «Халал» және «ХАСПП» жүйесімен сертификатталған.

«Айтас МП» ЖШС ет өнімдерін дайындау үшін өз шикізатын пайдаланады. Кәсіпорында шұжық пен жартылай фабрикаттардың шамамен 80 түрі шығарылады. Кәсіпорын өңірді салық түсімдерімен қамтамасыз етеді, онда 100-ге жуық білікті мамандар жұмыс істейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер