«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Арзан нан өндірісі кеңейіп келеді

2016 жылғы 05 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
16294 просмотров

Нан комбинаты мен жергілікті атқарушы билік арасында меморандум жасалды

Глубокое ауданындағы «Шахан-Ата» нан комбинаты Шығыс Қазақстан облысы нарығындағы орнын кеңейтуде. Өскемен қаласында қосымша сауда нүктелері құрылып, өңір дүкендерімен әріптестік нығаюда. Аталған жұмыстар өндірушілердің ШҚО әкімшілік орталығы атқарушы билігімен жасаған меморандум аясында жүргізілуде. Меморандумның негізгі мақсаты нарықты нанмен қамту, ас атасының қымбаттауына байланысты халықтың наразылығын тудырмау.

Тамыз айының басынан бері көптеген нан пісірушілер бірінші сұрыпты бөлке нанды 75-80 теңгеге дейін қымбаттатып жіберді. Өткен жылы жоғарыда аталған кәсіпорын болса, бірінші сұрыпты нанды бірнеше сауда нүктелері мен фирмалық дүкендерде 55 теңгеден сатқан еді, ал қазір әр бөлкені 60 теңгеге саудалауда. Бүгінгі таңда осы өндірушінің нанын сататын сауда нүктелерінің санын арттыру мәселесі қарастырылуда. Бүгінде облыс орталығы бойынша ондай сауда нүктелерінің саны – 70.

«Шахан-Ата» ЖШС шығаратын нан өнімдерінің құрамында химиялық қоспалар, ГМО, консерванттар жоқ, мемлекеттік стандарт талаптарына сай келеді, CT-KZ сәйкестік сертификаты бар.

Кәсіпорын ауылды жерде орналасса да, мұнда технологиялық тізбек дәл құрылған, барлық цехтар мен оның бөлімшелері автономды тәртіпте жұмыс істейді. Нан зауытының технологтары Айгүл Ысқақова мен Галина Гросс оларда нан цехынан бастап, торт дайындайтын орынға дейінгі 6 бөлімше бар екенін айтады. Нанды бұл жерде әзірше электр пештерде емес, «көмір» пештерінде пісіреді. Алайда, кәсіпкерлер өндірісті дамытып, цехты қайта жабдықтауды көздеуде. Түрлі себептерге байланысты нан пісірушілердің нанды нарық бағасынан сәл арзандау сатуға мүмкіндіктері бар.

«Шахан-Ата» ЖШС бас директоры Жаңабай Тастанбеков жеке ісін 1997 жылы Глубокое ауылында бастаған. Оның бизнесі көтерме және бөлшектеп сату кәсіпорындарынан басталған. Өндіріс пен жұмысшыларының санының артуына байланысты 2002 жылы Жаңабай Тәліпұлы «Шахан-Ата ӨКФ» ЖШС-сын ұйымдастырып, Глубоковский нан зауытын сатып алған. «Өскеменде біздің 3 сауда нүктеміз бар, «Заречный», «Дос-Нар», «Жәрдем» базарларында барлық нан өнімдеріміз сатылады. Сондай-ақ ШҚО облыс орталығындағы 70 дүкенге нан және кондитерлік өнімдерімізді өткізіп тұрамыз. Өскеменмен қатар, «Шахан-Атаның» наны, прәндіктері мен торттары Риддер, Серебрянск қалаларымен бірге Белоусовка, Бұқтырма, Молодежное, Кіші Үбі, Жоғарғы Үбі, Алтайка елді мекендерінде де танымал», – дейді Жаңабай Тастанбеков.

Нан комбинатының директоры Александра Лысаков берген мәлімет бойынша, Өскемендегі өз бөлімшелеріне олар бірінші сұрыптағы нандарды 60 теңгеден берсе, ал шарттық негізде жұмыс істейтін сауда нүктелеріне нанның бөлкесін 65 теңгеден сатады екен. «Жалпы алғанда, «Шахан-Атаның» баға саясаты жұмсақ, сатып алушылар сапасы жоғары болғаннан тыс, нанымыздың, кондитерлік өнімдеріміздің бағасы басқа өндірушілерге қарағанда арзан екенін баяғыда-ақ байқап үлгерді. Қыркүйек айында Өскенмен дүкендерімен әріптестігімізді кеңейтеміз деп жоспарлап отырмыз», – дейді Александр Лысаков.

Айта кетерлігі, аталған кәсіпорынның өнімдері өңірлік «Қазақстанның үздік тауары-2016» көрме-байқауының «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымында топ жарып, республикалық жарысқа жолдама алған-ды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер