«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Аягөз шенеуніктері бір жыл бойы инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жер бөлмеген

2018 жылғы 16 Мамыр
- Шығыс Қазақстан облысы
4734 просмотров

Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы араласқаннан кейін биыл сәуір айында «Кабинұр» ЖШС логистикалық орталықтың құрылысын жүргізуге және қызмет көрсетуге жер учаскесін алды

Кәсіпорын басшысы 2017 жылдың мамыр айынан бастап Аягөз аудандық жер қатынастары бөліміне жүгінген. Алайда талпыныстың барлығы нәтижесіз болған. Жоба арқылы ауданда ғана емес, облыс аумағының 70% қамтитын толық логистиканы құру ойластырылған. Онда Аягөз, Үржар, Жарма, Тарбағатай, Зайсан аудандары қамтылғанына қарамастан кәсіпорынға жер учаскесін бөлуге рұқсат берілмеген.

Жер учаскесін алу сәтсіз болған соң, өткен жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасына «Кабинұр» ЖШС атынан мемлекеттік қызметкерлердің негізсіз әрекетіне шағым түскен.

Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының шағымды қарастыра келе, инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін Аягөз әкімдігіне логистикалық орталықтың құрылысына ҚР Жер кодексінің 48-бабы 1-бөлімі 1-тармағына сәйкес ауданы 1,0 гектар жер бөлу өтініші жазылғаны белгілі болды. 2017 жылдың 10 мамырында Аягөз әкімдігі жер комиссиясының кезекті отырысында аталған өтінішті қарау үшін Аягөз аудандық жер қатынастары бөліміне қайта жолданғаны туралы хабарлама берілген. Екі күннен кейін өтініш қаралғанымен, серіктестік комиссияның шешімі жайлы ақпаратты алмайды. Бір ай өткен соң Аягөз аудандық жер комиссиясы аталған жер учаскесін басқа бір кәсіпорын, атап айтқанда «TNKHOLDING» ЖШС-ына беру туралы оң шешім шығарады.

Кәсіпкер бұл жағдайға қатысты прокуратура мен аудан әкімдігіне шағым түсірген. Маусым айында Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасынан «Кабинұр» ЖШС берген құжаттар тізімінде жер учаскесінің сызбасы, кәсіпкерлікті дамыту картасында тіркеу жоқтығы жер учаскесін беруден бас тартуға себеп болғаны туралы жауап алынды.

Жер учаскесі басқа компанияға берілгендіктен, кәсіпкер көршілес тұрған жер учаскесін алу үшін қайтадан өтініш жазады. Жер учаскесі пайдалануға және 4 жылға жалға алу құқығымен беріледі. Бірақ жерге орналастыру жобасын дайындаудың барлық шығынын кәсіпкер өзі көтереді деген талап қойған. Талаптар орындалды. Алайда жерге орналастыру жобасы бекіті бөлімі шешім шығаруды ұзаққа созған, содан соң кәсіпкерге теріс жауап берген.

«Кабинұр» ЖШС-ның өтінімін қарастырғанда Аягөз аудандық жер қатынастар бөлімі ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтінімдерін қарау тәртібі туралы» заңның 8-бабына сәйкес жауап бермей, аталған заңның 9-бабы 1-тармағы 3-тармақшасына сәйкес өтінімді қарау және қабылданған шаралар нәтижесі туралы хабарламай, ҚР Жер кодексі 43-бабы 2-тармағына сәйкес өтінімге негізсіз жауап беріп, ҚР Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес жер учаскесін беруден негізсіз бас тартып, кәсіпкердің құқығын бұзғаны анықталған.

Нәтижесінде, биыл наурыз айында «Кабинұр» ЖШС ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетімен «Аягөз» логистикалық орталығы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру келісімшартын жасаған және сәуір айында нысан салу үшін жер актісін алды.

Мұнымен қоса Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы анықтаған заң бұзушылықтар бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне Аягөз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Молбаеваның әрекетіне қатысты өтінім жолданды. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде шенеунік тәртіптік жауапқа тартылып, қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар аудандық жер комиссиясының 3 мүшесі де тәртіптік жауапқа тратылған. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Аягөз аудандық әкімдігі жер комиссиясының құрамын қайта қарау жұмысын қолға алған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер